Президент өкілеттігін ұзарту туралы бастаманың халықтан қолдау табуы болашақ реформалардың орындалуына жәрдемдеседі - Ресей сарапшысы В. Седнев

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Президентінің өкілеттігін ұзарту туралы референдумның халықтан қолдау табуы елдегі болашақ реформалардың орындалуына жәрдемдеседі.

Президент өкілеттігін ұзарту туралы бастаманың халықтан қолдау табуы болашақ реформалардың орындалуына жәрдемдеседі - Ресей сарапшысы В. Седнев

Бүгін Астанада «Посткеңестік дамудың 20 жылдығы: нәтижелер мен жаңа үрдістер» атты тақырыпта өткен Еуразиялық сарапшылар жиыны барысында Ресейдегі «Қоғамдық пікір» қорының бас сарапшысы Виталий Седнев осылай мәлім етті.

«Қазақстан бүгінгі таңда посткеңестік кеңістікте экономикалық даму бағытында көшбасшы мемлекетке айналып отыр. ТМД-ның көпшілік елдері дағдарысқа қарсы саясат бойынша да, базалық экономикалық реформалар бойынша да қазақстандық үлгіге ден қоюда. Бұдан бөлек, қазіргі күні біз жаһандық қаржы дағдарысына қарсы Қазақстан қабылдаған жедел әрекеттерді, банк секторын сауықтандыру мәселесін саралаудамыз. Осындай халқының игілігі үшін қабылданған шаралар толық аяқталуы шарт. Бүгінгі күні Қазақстан халқы өздерінің тарапынан бұқаралық бастама көтеру арқылы осындай сәтте жұмыла алатынын көрсетті», - деді В. Седнев.

Оның айтуынша, референдумды сәтті өткізу арқылы қазақстандықтар қолға алынған реформалардың одан әрі тиімді жүргізілуіне жәрдемдеседі.