Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ҚР Парламентінің депутаттарына үндеуі

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ҚР Парламентінің депутаттарына үндеуін жариялайды.

Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ҚР Парламентінің депутаттарына үндеуі

****

Құрметті депутаттар!

Біз, Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашы тобының мүшелері, Сіздерге жоғары заң шығарушы биліктің өкілдері ретінде үндеу жасап отырмыз.

Референдум өткізу жөніндегі біздің бастамамыздың түрлі ұлттар мен діндер өкілдері, барлық жастағы буындар мен әлеуметтік топтар тарапынан бүкілхалықтық қолдауға ие болуы Мемлекетіміздің басшысына деген аса жоғары сенімді айғақтайды.

Бұл қолдау - еліміздің Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті нығайтуға, Қазақстанның серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және оның халықаралық беделін арттыруға бағытталған көреген саясатын шүбәсіз мойындау болып табылады.

Біз белсенді азаматтық ұстанымы мен ел келешегіне деген жанашырлығы үшін барша отандастармызға ризашылығымызды білдіреміз. Біз сондай-ақ бастамамызды белсенді әрі жан-жақты қолдаған Парламент депутаттарына алғысымызды айтамыз.

Референдум идеясына қолдау көрсеткен 5 миллионнан астам қазақстандықтардың атынан Сіздерден Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін республикалық референдумда 2020 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін көздейтін Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» мәселені шығаруларыңызды сұраймыз.

Бұл - бүкілхалықтық референдумды қолдауға қолдарын қойып, өздерінің болашағы мен еліміздің келешек дамуын Қазақстанның Тұңғыш Президентімен байланыстыратын республика сайлаушыларының жартысынан астамының тікелей ерік-қалауы.

Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ

2011 жыл, 12 қаңтар.