Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлеуетімен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқу-жаттығу жиыны барысында Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының қару-жарақ пен әскери техника шығару және жөндеу мүмкіндіктері таныстырылды.
Бұл туралы ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, далада ұйымдастырылған арнайы алаңқайда Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» (Семей) зауыты бронды жөндеу-эвакуациялық транспорттау машинасын пайдалана отырып, ұрыста зақымданған техниканы қайта қалпына келтіру барысын көрсетті.
