Президент Парламентке конституциялық өзгерістерді ашық әрі жариялы түрде қарауды тапсырды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент конституциялық өзгерістер туралы заң жобасын қараудың күн тәртібін мұқият сақтай отырып, ашық және жариялы түрде құжатты қарауы қажет. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының  бірлескен отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Президент Парламентке конституциялық өзгерістерді ашық әрі жариялы түрде қарауды тапсырды

"Мынау зымырап бара жатқан уақыттан дер шағында озу қажет. Бұл оңай емес. Конституциялық реформалар біздің Қазақстан қай бағытта жүреді деген сұраққа нақты жауабымыз болып тұр. Ол - демократиялық даму бағдары. Біз жауапты сәттердің бәрінде ауызбіршілігімізді паш еткен xалықпыз. Қазір де осы асыл қасиетімізді танытуға тиіспіз", - деді Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде.

"Ел болашағы үшін айрықша маңызды істі абыроймен атқарарымызға нық сенімменен тиісті заң жобасын Парламентке енгізіп отырмын. Енді Парламент заң жобасын қараудың күн тәртібін мұқият сақтай отырып, ашық және жариялы түрде құжатты қарауы қажет. Мәселеге елдік мүдде тұрғысынан қарап, заңды ұзаққа созбай, қабылдайсыздар деп мен кәміл сенемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, назарларыңызға раxмет!" - деп түйді сөзін Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуіне орай конституциялық реформа бастамасы жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Конституциялық реформаның мақсаты - демократиялық процестерді ілгерілету арқылы мемлекеттегі  басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Осының арқасында Қазақстандағы жағдайды одан әрі жақсартуға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндіктер туатын болады. Бұнымен қоса, билік тармақтары арасындағы теңгерімділік сақталады. Парламент пен Үкімет және сот билігі өз өкілеттіктері аясында, теңгерімді жағдайда жұмыс жасайтын болады.