Президент Power International Holding компаниясының иелерін қабылдады

ДОХА. KAZINFORM — Президент Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады
Фото: Ақорда

Power International Holding (PIH) компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессор станциясы мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырын салуға қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.

Президент Power International Holding компаниясының иелерін қабылдады
Фото: Ақорда

PIH Директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят қазақ тарапымен телекоммуникация, энергетика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келісімге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұмысты жүзеге асыру жоспарын таныстырды.

Сонымен қатар компания қазір Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобаларына келіссөз жүргізіп жатыр.

Президент Power International Holding компаниясының иелерін қабылдады
Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға қызығушылық танытып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өтті.

Айта кетсек, Қатар астанасы Доха қаласында 7,8 желтоқсан күндері жаһандық сын-қатерлерді талқылап, түрлі саладағы инновациялық шешімдерді іздеуге арналған халықаралық форум (Doha Forum) өтеді. Kazinform агенттігі аталған іс-шараның маңызы туралы шолу ұсынады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қатар компаниясы Қашаған газын өңдейтін зауыттың 75 пайыз акциясын сатып алады.

Бүгін мемлекет басшысы Қатарға жұмыс сапарымен барды.

Соңғы жаңалықтар