18:30, 17 Сәуір 2011 | GMT +5
Президент «Самұрық-Қазына» қоры ауқымында ұлттық геологиялық компания құруды тапсырды
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген кеңесі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық геологиялық компания құруды тапсырды.
«Минералдық шикізаттық базаны кеңейту үшін геология саласын толыққанды жаңғырту керек. Біз әлі күнге бір кездері аға ұрпақтың көмегімен ашылған жер қойнауының пайдалы қазбаларын игеріп келеміз. Қазақстанның жері, оның қойнауындағы байлық жете зерттелмеген. Бізде жұмыс істеп жатқанның бәрі ұсақ-түйек әрі игерілуі тиіс саланың он пайызына да жетпейді. Сондықтан да бюджеттік қаржыландыруды есептеп, бұл саладағы жекеменшік пен әріптестікті дамыту қажет. Бұл ретте ұлттық геологиялық компания құрылуы шарт, ол - «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры ауқымында жұмыс істейтін болсын», - деді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, жер қойнауын пайдаланудан мемлекетке түсетін қаражаттың белгілі бір бөлігі геологияық саланың қажеттілігін толықтыруы қажет.