Президент сайлау өткізу туралы дұрыс әрі заңды шешім қабылдады - Р. Сәрпеков
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Президент кезектен тыс сайлау өткізу туралы дұрыс әрі заңды шешім қабылдады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі кезектен тыс отырысында «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алған болатын. Осы мәселеге қатысты журналистерге берген сұхбатында депутат Рамазан Сәрпеков осылай мәлім етті.
«Кеше Елбасы Конституциялық кеңестің шешіміне байланысты өзінің ой-пікірін халыққа жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы 5 млн.-нан астам адам ресми қолдаған халықтың, оның сыртында Парламенттегі депутаттардың, елдегі демократиялық күштердің бастамасын ескере отырып кезектен тыс сайлау өткізу туралы ұсыныс тастады. Соған орай, Мәжілістің қоржынына «ҚР кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті. Біз оны өндірісімізге ала отырып, ол бойынша жұмыс топтары құрылып, олар өзгерістердің ұлттық заңнамаға, Ата заңға қайшылықтарын салыстырып қарайтын болады», - деді Р. Сәрпеков. Оның пайымдауынша, Президенттің кезектен тыс сайлау өткізу туралы ұсынысы дұрыс әрі әділ шешім болды. «Бір жағынан 5 млн.-нан астам сайлаушының ұсынысын елемеу дұрыс болмас еді. Бұдан бөлек, Президент Конституциялық кеңестің мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселе болып табылатын референдум өткізуді жоққа шығармайтынына да назар аударды. Алайда, кейбір қайшылықтарға қатысты Елбасы сайлау өткізуді ұсынып, заңды шешім қабылдады», - деді Р. Сәрпеков.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс өндіріске алған заң жобасымен «ҚР сайлау туралы» және «ҚР Президенті туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бұл жобада кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мәселесі қарастырылған.