Президент сайлауы алдындағы тыныштық күні басталды
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.
Айта кетейік, сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 21 қазаннан 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасты. Бұл процеске берілген 28 күн түгесілген шақта, яғни 19 қараша күні сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін «тыныштық күні» жарияланды.
Дауыс беру еліміздегі сайлау учаскелерінің негізгі бөлігінде 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін жалғасады. Дегенмен, өкілеттіктерге сәйкес, сайлау заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті аумақтық комиссиялары дауыс беруді бастаудың өзге уақытын белгілеу жөнінде шешім қабылдады. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларынан ұсынылған жедел мәліметтер бойынша тиісті аумақтық комиссиялардың шешімдерімен 86 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06-00-де басталады. Қала құраушы кәсіпорындардың ауысымдық жұмыс кестесі ескеріледі. Оның ішінде - 47-сі азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі учаскелер. Мұнан бөлек, 514 сайлау учаскесі бойынша дауыс берудің аяқталу уақытын сағат 20-00-ге дейін белгілеу бойынша шешімдер қабылданған жоқ. Яғни, әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, алыс және жету қиын аудандарда, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау орындарында, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан құрылған 514 учаскелік сайлау комиссиясы тізіміне енгізілген барлық сайлаушылар дауыс берсе кез келген уақытта дауыс беру аяқталды деп жариялана алады.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және Орталық сайлау комиссиясына екі күндік мерзімде (22 қарашадан кешіктірмей) жеткізіледі. Демек, сайлаудың алдын ала қорытындылары 21-22 қараша аралығында жариялануы шарт.
Заңнамада сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген. Бұл жолы сайлау қорытындыларын анықтап, сайланған Президентті тіркеуге 7 күн беріліп отыр.
Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлаушыларының тізіліміне дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азаматты енгізген. Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс береді. Сонымен қатар 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматы дауыс береді деп күтіледі.