Президент сайлауы: Елорда тұрғындары дауыс беріп жатыр
АНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін таңертеңгі сағат 07.00 -де Астанада ҚР Президентін кезектен тыс сайлаудың сайлау учаскелері ресми түрде ашылды.
Сайлау комиссиясының мүшелері сайлау бюллетендері мен сайлаушылардың тізімдері орналасқан сейфті ашқаннан кейін стационарлық (1 дана) және тасымалданбалы (2 дана) жәшіктерінде бюллетендер жоқтығына көз жеткізіп, пломбалау және мөр басу процедураларын жасады. Будан кейін тасымалданбалы сайлау жәшіктері денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын сайлаушылардың үйлерін аралауға жіберілді.
Нөмірі 58-ші сайлау учаскесінде 2 мың 567 сайлаушы тіркелген. Комиссия төрайымы Мина Романенко, сайлаушылар өзге аумақтардан да келуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Сайлаушылардың тізімі мен бюллетендер саналғаннан кейін, сайлау учаскесін ресми ашу процедуралары барлық талаптарға сай өткендігі туралы хаттама толтырылды.
Сағат 7.00-де дауыс берушілердің алғашқы легі келген уақытта Қазақстанның әнұраны орындалып, сайлау учаскесі ресми түрде ашылды.
Таң бозара 8 жасар Филияны колынан жетектеп келген Ковба отбасы да сайлауда алғаш дауыс берген отбасылардың бірі болды. Ақсақал Петр Николаевич үлгі көрсетіп өзімен бірге қызы Любаны, алғашқы рет дауыс берген немерелері Дамир мен Лянаны, келіні Гүлнәрді ертіп келді. Қала тұрғыны Қанат Сәбиев те, "ел Президентін сайлауға жүрегі елім деп, жерім деп соққан, болашағына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық жауапты болуы тиістігін" айтты.