Президент сайлауы: Х.Қожа-Ахмет «Конституция - тұрақты даму кепілі» тақырыбында шығарма жазуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында президенттікке өзін-өзі ұсынған Хасен Қожа-Ахмет сынақ тапсыруда.
«Лингвистикалық комиссияға қазақ тілінен емтихан тапсыру үшін Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет мырза келді. 1949 жылы Алматы облысында дүниеге келген, білімі жоғары, журналист. Алматы қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған. Қазақ спорт және туризм академиясы президентінің кеңесшісі болып қызмет істейді», - деді кандидатты таныстырған комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
Комиссия төрағасы емтихан тапсырушыға үш кезеңмен өтетін сынақтың ережесін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Осыдан кейін Х.Қожа-Ахметке «Конституция - тұрақты даму кепілі» тақырыбы түсіп, ол екі беттік шығарма жазуға кірісті.
Айта кетейік, Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет 1949 жылы 9 тамызда Алматы облысы Ақсу ауданы Матай кентінде дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-публицист, сазгер, қоғам қайраткері. 1972 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1993 жылы ҚазМҰУ-ды тәмамдаған.
1990-1993 жылы «Желтоқсан» қоғамдық қозғалысын басқарды. Кеңестік тоталитарлық жүйеге, ұлт саясатындағы теңсіздіктерге қарсылық білдіріп, 1977 және 1987 жылы саяси айыппен сотталды.
Публицистика саласында қалам тартып, 200-ден астам мақала жазды. 300-ге тарта ән мен музыкалық аспаптарға арналған 50 шақты шығарманың авторы.