Президент сайлауы: М.Мақатаевтың қай кезеңде өмір сүргенін білмейтін үміткер сыннан сүрінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында президенттікке өзін-өзі ұсынған Бақтияр Естемесов сынақ тапсырып, одан өте алмады.

Президент сайлауы: М.Мақатаевтың қай кезеңде өмір сүргенін білмейтін үміткер сыннан сүрінді

Бұл туралы бүгін аталған комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлім етті. «Б.Естемесов жазба жұмысына «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат» тақырыбында шығарма жазды. Өкініштісі, тақырып ашылмаған. «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деген ұғымдардың мән-мағынасын автор толық түсінбеген. Жұмыс өте сауатсыз жазылған. Барлық қателердің саны елу. Емле қателерінің саны 27, тыныс белгілерінен жіберілген қате - 19, стильдік қате - 4-еу», - деді комиссия төрағасы. Оның атап өтуінше, мәтін оқу сынағында үміткер Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыған.«Әттең, өлеңді оқи алмады. Мен «Мұқағали Мақатаев қай кезде өмір сүрген», деп сұрақ қойдым, үміткеріміз "XIX ғасырда өмір сүрген", деді. Бұл кісі кітап оқымағанын мойындады. Тарих пен әдебитетті де оқымаған екен. Екінші тапсырмаға да қанағаттанбадық», - деді М.Жолдасбеков. Үміткердің үшінші тапсырмада «Тіл тағдыры - ел тағдыры» деген тақырыпта сөйлегенін айтқан М.Жолдасбеков: «Бұл тақырыптың да мән-мағынасын аша алмады. «Қазақ елінің тағдыры мен тіл тағдыры бұрыннан қалыптасып келеді, жан-жақтан келіп, тіл білсек деген азаматтар көп», деген екі ауыз сөз айтты. Оның үстіне, Б.Естемесовтің өз қолымен жазған өмірбаянында 10 қате жүр. Бақтияр Өксікбайұлы Естемесов қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытындыға келіп отырмыз", - деді комиссия төрағасы.