Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу - халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді - Е. Ерғожин
АЛМАТЫ. ҚазАқпарт - Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу - халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, А. Бектұров атындағы химия ғылымдары Институтының директоры Еділ Ерғожин мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2016 жылы Президент сайлауын Парламент сайлауымен бірге өткізудің еш қисыны келмейді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын мен толық қолдаймын. Неге десеңіз, мына әлемдік қаржылық дағдарыс, дүние жүзінде болып жатқан саяси қарама-қайшылықтар, Қазақстанға да әсер етеді. Сондықтан, Президент сайлауын Парламент сайлауымен араластырмай, биыл-ақ, мерзімінен бұрын өткізіп алсақ, тәуелсіздігіміз тұрақты, халықтың әл-ауқаты жоғары бола түсері сөзсіз. Сонымен қатар, жаңа инновациялық зерттеулер өндіріске жетіп, қосымша жұмыс орындары ашыла түседі. Біз ғалымдар Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді қызу қолдаймыз» - деді Е. Ерғоижин.
Сондай-ақ ол бұл дағдарыстың алдағы жылы да әсері болатындығын жеткізді.
«Қазақстан халқы бұған дейін де талай дағдарысты бастан кешкен. Бірақ, бұл әлемдік дағдарыс ерекше болып тұр. Мұнай бағасы төмендеді. Ал Украинадағы әскери қақтығыстар да толастамай қойды. Сондықтан, белді бекем буып, ел бірлігін сақтай отырып, Президент сайлауын биыл өткізіп алуымыз қажет деп ойлаймын. Өйткені келесі жылы ол қаржы жағынан қымбатқа түсуі мүмкін» - деп сөзін аяқтады Е. Ерғожин.