Президент шенеуніктерге қандай талап қоятынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенетінін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: Kazinform

Сұхбат алушы Дихан Қамзабекұлы Президенттен кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенетінін, қол астындағы қызметкерлермен қарым-қатынасы қандай екенін сұрады.

«Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт», - деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент қарамағында қызмет істейтін азаматтардың өзіне емес, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды екенін баса айтты.

«Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.