Президент: Шикізаттық емес экспортты қолдаудың мемлекеттік саясатына баса назар аударылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бес институттық реформа, индустияландырудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында экономика өсімінің драйверлерін сатылап құру қажет. Бүгін алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашу барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Президент: Шикізаттық емес экспортты қолдаудың мемлекеттік саясатына баса назар аударылады

 «Бұған біздің барлық мүмкіндіктеріміз бар. Шикізаттық өнімдерге әлемдік бағаның құбылу әсерінен тәуелсіз болуға қатысты жұмысты жалғастыру да біз үшін маңызды. Мен бұл туралы әрдайым айтып келемін. Мұнай мен газға, металға әлемдік баға құлдырап еді, біздің кірісіміз қырық пайызға төмендеді. Сондықтан да, біз шикізаттық емес экспортқа бағдарланған өнімді қолдау саясатын жүргізетін боламыз», - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы жақында өткен Польшаға сапарына назар аудартты. «Польшаның жұмысы жақсы жолға қойылған. Мемлекет барлық назарын өнімдердің экспортқа бағытталуына арнап, тамаша жұмыс істеп жатыр. Кез-келген өнім экспорт үшін шығарылады. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруды да жақсы деңгейге жеткізді. Шағын және орта бизнесті дамытуда да жетістіктері баршылық, экономикаларының 67 пайызы солардың үлесінде. Ауыл шаруашылығы саласында да жетістіктер аз емес. Біз Польшаға мамандар тобын аттандырамыз, олардан өзімізге алуға болатын тәжірибелерді зерделеу керек», - деді Н. Назарбаев.