Президент Шымкент мұнай өңдеу зауыты өнімі жылына 12 млн тоннаға дейін көбейетінін айтты

«Бесінші, энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар. Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр.
Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан, Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады«, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Қазақстан үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды екенін алға тартты. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән берілмек.
»Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз», - деді ҚР Президенті.