ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісім ратификацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
- Мемлекет басшысы «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, - делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, Сенат отырысында Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялауға арналған заң мақұлданды.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов бұл заң Қазақстанға шикі мұнайды Сингапурға бажсыз экспорттауға мүмкіндік беретінін айтты.
- Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд доллар болды. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 1,7 млрд болса, Сингапурдан тартылған импорт - 81 млн доллар. Қазақстан Сингапурдан ұшу аппараттарын, медициналық жабдықтар мен электроника бұйымдарын, дәрілік заттарды импорттайды. Ал экспорттың 99,9%-ы шикі мұнай. Сингапурдың соңғы 11 жылда Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 1,7 млрд доллардан асты. Келісім күшіне енген сәттен бастап Сингапур тауарларын әкелу кезінде қолданыстағы барлық тарифтерді жояды және сауданың тарифтік, тарифтік емес шектеулерін қолданбауға міндеттенеді, - деді депутат.
Келісім бойынша, ЕАЭО Сингапурдан келетін тауардың 88%-ына бажсыз режим ұсынады.
- Ал Сингапур келісім күшіне енген сәттен бастап Қазақстан мен ЕАЭО елдерінен әкелінетін барлық тауарларға кедендік әкелу баждарын алып тастайды, - деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Бұған дейін Президент «Абу Дабидің орнықты даму аптасы» саммитінің жұмысына қатысатынын жазған болатынбыз.