Президент соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздері жиі қолданылатын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар Президент дінге қатысты көне сөздердің орнын араб сөздерін жиі қолдануды сынады.
Президент тіліміздің басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза екенін айтты.
— Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл — жақсы дүние, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қажеттілігі екіталай жасанды сөздерді де тізіп өтті.
— Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар, — деді ол.
Президент осының бәрі — өте өзекті мәселелер екенін, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажеттігін жеткізді.
— Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі, — деді Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.
Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтты.
Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.