Президент спорт ардагері Сейілда Байшақовтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ футболының аңызына айналған даңқты спорт ардагері Сейілда Байшақовтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Президент спорт ардагері Сейілда Байшақовтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

– Сейілда Икрамұлы «Қайрат» футбол командасының сапында көп жылдар бойы өнер көрсетіп, жасындай жарқыраған еді. Білікті бапкер ретінде жастарды жеңіске жетудің қыр-сырына үйретіп, елімізде осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосты. Өмірде адал еңбек етіп, өшпес із қалдырған Сейілда Икрамұлының есімі мен бейнесі мәңгі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін қазақ футболының аңызы Сейілда Байшақовтың 72 жасында дүниеден өткенін хабарлаған болатынбыз.