Президент сұхбаты Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне арналады – Сарапшы

 Президент сұхбаты Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне арналады – Сарапшы
Фото: kisi.kz

Қазақстандағы әділет жүйесіндегі реформалар – саяси реформалардың негізі. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесина айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Жаңа жылдың алғашқы күндері, қаңтар оқиғасының екі жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы өз ойымен бөлісті. Президент реформа саясатының маңызды нәтижелерінің бірі ретінде Конституциялық сотты қайта құрудың маңыздылығын атап өтті. Сұхбат ашықтық пен әділеттілікке ұмтылу басты мақсатқа айналған Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне арналады», - дейді сарапшы.

Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұрын бұл институт 1993-1995 жылдары болған еді. Бүгінгі күні ол еліміздің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды.

«Құрылған күннен бастап жарты жылда 18 істі қараған бұл органның маңыздылығына Президент баса назар аударды. Реформалардың маңызды аспектісі – азаматтардың белсенді қатысуы болды. Конституциялық сотқа түскен 4 мыңнан астам өтініш халықтың сот төрелігіне және заңдылықты құрметтеуге жоғары сұранысын көрсетеді. Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысы сияқты өңірлер жоғары азаматтық белсенділік танытып, еліміздің құқықтық жүйесі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты», - деді А.Акесина.

Конституциялық соттың құрылуы биліктің бөлінуін және конституциялық принциптердің сақталуын бақылауға ұмтылуға ерекше мән береді. Конституциялық сот шешімдерінің түпкілікті күші бар. Бұл оның сот төрелігі жүйесіндегі тәуелсіз және беделді орган ретіндегі рөлін көрсетеді.

«Қазақстанда Конституциялық соттың қайта жаңғыруы заңдылықты нығайтудың және азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік берудің маңызды кезеңіне айналады. Сот қызметінің алғашқы айларындағы жұмысы және өтініштердің жоғары деңгейі оның үнемі өзгеріп отыратын саяси және әлеуметтік жағдайда азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жүйесінің құрамдас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді», - деді ҚСЗИ сарапшысы.

Соңғы жаңалықтар