Президент сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы бұрын болмаған жайттар айтылды – Депутат

Президент сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы бұрын болмаған жайттар айтылды – Депутат
Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаты Әли Бектаев Президенттің сұхбаты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Депутат Президент Қаңтар оқиғасына қатысты да бұрын-соңды айтылмаған жаңа түйіндемелерді ашып айтқанын жеткізді.

«Қаңтар қасіретіне де екі жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, бірақ сол кездегі халықтың жүрегіне түскен сызат әлі сыздап тұр, жазылар емес. Әрине ол 1-2 жылда жазылатын да нәрсе емес. Біз сол қаңтарда егемендігіміз ғана емес, елдігімізден айырылып қала жаздадық. Шетті айтпағанда өзіміздің арамызда да түрлі саягөйлер түрлі пікір таратып, халықтың санасын сарсаңға салды. Дәл осы кездегі қосарланған биліктің екіұштылығы да күмән қиялында отырған халықтың сенімсіздігін тереңдете түсті. Бұрынғы биліктің құдіретінен айырылып қалғысы келмеуі және жаңа биліктің жасап жатқан жаңа реформаларын қабылдамау пиғылы алаңсыз отырған халықты ақыры дүрбелеңге салды. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың табандылығы мен қайратты мінезі, батыл шешімдері, айтқан орнықты сөздері, салиқалы саясаты, жасаған қадамдары, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, абдырап отырған елдің есін жиғызды, күмәнін сейілтті, үмітін оятты. Болмысынан ұлттық сана-сезімі биік, ел мүддесіне қатер төнген кездерде құрыштай ұйыса алатын, ақ-қараны ажырата білетін халқымыз Президентіміздің айналасына бірігіп, көк туымыздың астына жиналып, қайсарлығын танытты. Елдік пен егемендікті таңдады», - деп жазды Ә.Бектаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутат Президент сол қаңтар қасіретінен кейінгі екі жылда елдің болашаққа деген сенімін нығайта түсу үшін, экономикамыз тұралап тұрып қалмауы үшін еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

«Әлемнің жартысын шарлап, әйгілі инвесторлармен кездесіп, мемлекетіміздің ішкі де сыртқы жағдайының тұрақты екендігін дәлелдеу үшін күш-жігерін аямай келе жатыр. Өзінің халқының алдында, басым дауыспен заңды сайланған Президент ретінде қашанда шынайылығынан танған емес. Бүгінгі сұхбат та соның дәлелі. Ел көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бере отырып, Президентіміз біздің Мемлекетіміздің болашағына қатысты сенімді және нақты қадамдардың жасалғанын, олардың саяси, экономикалық, заңнамалық негіздерінің толық қалыптасқанын және ел экономикасының серпінді дамуына барлық алғышарттың бар екенін ашып айтты. Ол үшін еліміздің тұтастығы, оған негіз болатын халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің аса маңыздылығын баса айтты. Шынында да, Тәуелсіздік – басымыздағы бақ. Оны аялай білу – бәріміздің міндетіміз», - деді Ә.Бектаев.

Соңғы жаңалықтар