Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасы жоқ пассив басшылар туралы ақпарат талап етті

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн. Сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет. Қылмыстық процесс орбитасына адал, өзіне жауапкершілік алудан қорықпайтын шенеуніктер тартылмауы тиіс. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан қорықпауы тиіс», - деді Мемлекет басшысы кеңес барысында.

ҚР Президентінің атап өтуінше, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің бастама көтермейтіндігі, жауапкершіліктен жалтаруы, басы артық әуре-сарсаңға салушылығы сынды тенденция байқалып отыр. Мұндай жағдай, әсіресе, коронавирус індеті кезінде анық байқалды.

«Жемқорлықпен белсенді күрес науқаншылдыққа және зұлымдарды ұстауға айналып кетпеуі тиіс. Жауапты әрі заңға мойынсұнатын мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасына қалай болғанда да әсерін тигізбеуі қажет. Менің тапсырмаммен қазіргі уақытта сыбайластарының көрсетуімен ғана соттау мүмкіндігі жойылып, қылмысқа арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл нормалар құқық қорғау органдары тарапынан жүгенсіздіктің жолын кесуге мүмкіндік береді»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы еліміздің Бас прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жартыжылдық есеп-қисапта лайықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасы жоқ пассив басшылар туралы ақпарат беруін тапсырды.

«Бұл жергілікті атқарушы органдарға да қатысты», - деп нақтылады Қазақстан Президенті.


Соңғы жаңалықтар