Президент Сырты істер министрлігіне: Ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру тақырыбына тоқталған Президент: «Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс.
«Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», - деді Президент.