Президент тапсырмасы: Бұқтырмадағы көпір құрылысы қыста да жалғасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынатыны белгілі. Бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Нысан басында дайындық жұмыстары аяқталып, суға ұзындығы 12 метр болатын алғашқы темір тіреулер қағылған. Бұл жайлы Күршім аудандық Сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов мәлім етті.
«Жоспар бойынша әуелі уақытша көпір салынып, сол арқылы негізгі көпірдің құрылысы жүргізілмек. Құрылысқа қажетті материалдар жеткілікті. Қазіргі уақытта сол жерде 60 адам жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ таяу күндері суға темір тіреуіш қағатын тағы бір қондырғы жеткізіледі. Бетон жабындылар құрылыс басында өндірілетіндіктен метал конструкциялар ғана баржы арқылы тасымалдануда. Қажетті материалдардың негізгілері Қазақстанда өндірілген. Құрылыс қыста да жалғасатындықтан, нысан белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарлануда», - деді ол.