Президент тапсырмасы: Дәрігерлерге төлем жасауға басымдық беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне төлем жасау мәселесіне нақты тапсырма берді. Осы орайда төлемдерді жылдам тәртіпте жүргізу жүктелді.

Президент тапсырмасы: Дәрігерлерге төлем жасауға басымдық беріледі

Президент пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.

«Жергілікті жерлерде үстемақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал бүгін түстен кейін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге қатысты жауапты мекемелер есеп берді.

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы шараларға қатысқан барлық медицина қызметкерлерін тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жасап жатыр.

«Медицина қызметкерлеріне төленетін біржолғы әлеуметтік төлем бойынша қазіргі жағдайға тоқталайын. Ауырған дәрігерлер үшін жағдай мынадай сипатта: пандемия жарияланғаннан бері еліміз бойынша аталған инфекция жұқтырған денсаулық сақтау қызметкерлерінің саны 12 830 адам. Оның ішінде кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезінде COVID және пневмониямен сыртқаттанушылар бойынша 8 442 өтінім келіп түсті, сондай-ақ оларды өңірлік комиссиялар қарады. Осылардың ішінде өңірлік деңгейде өтінімдердің 68 пайызы немесе 5 559 жағдай расталған болатын», - деді Т. Сұлтанғазиев.

Қазіргі кезде өтемақыны 4 550 медицина қызметкері алды.

Бұдан бөлек, өлім жағдайлары бойынша өңірлік комиссияларда 82 жағдай қаралды, жалпы 182 жағдайдың ішінде. Қазіргі уақытта өтінімнің 45-і сәйкесінше төлемақыны алған.

«Өтінімдерді қолдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды жасап жатыр. Біріншіден, жұмыс тобын құрып, ол онлайн режимде өтінімдерді қабылдаудың барлық себептерін пысықтауда. Ауырған және қайтыс болған адамдар бойынша деректерді нақтылап, өтінімдерді рәсімдеу жөнінде жол берілген ереже бұзушылықтарға талдау жүргізді. Екіншіден, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесіп, тиісті проблемалар мен қателіктерді дер кезінде шешу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, өтінімдерді қабылдау процесін жеңілдету үшін ауруларды кодтауға жазбаша түсініктеме беріп, қазіргі кезде қабылданған өтінімдер саны екі есеге артты. Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктерден күн сайын ақпарат жинап, мониторинг жүргізіп жатыр», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов COVID-19 және вирустық пневмониямен күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша төленетін үстемақы туралы айтты.

Әлеуметтік төлемдерді ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.

«Қордың медицина қызметкерлері алдындағы барлық міндеттемелерді толық және уақтылы орындалатынын атап өткім келеді. Биыл наурыз-тамыз айы аралығында 73,7 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемақы алады. Қазір өңірлік комиссиялар үстемақы алушылардың тізімін жасақтауда. Тізім дайын болғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша ақы төлеуге кіріседі. Бұл жұмысты 15 қазанға дейін аяқтауды жоспарланып отыр», - деді Төкежанов.

Инфекция тараған қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Егер наурызда коронавирусқа қарсы жұмыс істеуге 19 мың медицина қызметкері тартылса, шілдеде олардың саны 79 мыңға жетті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы COVID-19-ға қарсы күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне осы жылдың екінші жарты жылдығында ынталандыру ретінде үстемақы төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырды. Қор жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін қажетті қаржының болжамды есебін жүргізді, шамамен 135 млрд теңге қажет.