Президент тапсырмасы: Медицина қызметкерлерінің үстемақысына бюджеттен 137 млрд теңге бөлінді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемияға қарсы бір кісідей атсалысқан медицина қызметкерлердің бәрі де назардан тыс қалмайтынына сендірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Эпидемияға қарсы бір кісідей атсалысқан медицина қызметкерлердің бәрін де тиісті әлеуметтік өтемақымен қамтуға тырысамыз. Мемлекет басшысының мемлекеттік комиссия отырысында берген тапсырмасына сәйкес, осы жылдың наурыз айынан бері медициналық қызметкерлерге ынталандыратын төлемдер жүргізілуде. Бүгінге дейін медициналық қызметкерлерге 7,7 млрд теңгенің төлемі жүргізілді. Президент 1 қыркүйекте халыққа Жолдауында ынталандыратын үстемақы беруді 2020 жылдың соңына дейін жалғастыруды тапсырған еді. Осы мақсатта бюджеттен 137 млрд теңге бөлінді», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек бұған дейін Қазақстанда коронавирустан жазылған 6 341 медицина қызметкеріне өтемақы берілгенін хабарлаған болатын.