ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ - ҮКІМЕТ ҚАЛАЙ ОРЫНДАП ОТЫР: Президент жүктеген тапсырмаға салғырттық танытқан бірінші басшы жұмыстан кетеді

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Қазанның 11-інде өткен Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы айтқан сыннан Үкімет нендей қорытынды шығарды? Бүгінгі Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы тұтастай осы мәселеге арналған болатын. Отырыс барысында Елбасы сынын елеп, одан тиісті қорытындылар шығармаған бірқатар вице-министрлерге сөгіс жарияланып, міндеттерді нақты атқаруға қатысты іс-шаралар жоспары қабылданған болатын.
None
None
Бұл сынға қатысты жасалған соңғы ескерту болар. Өйткені, Үкімет басшысы Серік Ахметов алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына бос қараған бірінші басшылар мен облыс әкімдерін бірден жұмыстан босататынын қатаң ескертті. «11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы біздің жұмысымызды өткір сынға алған болатын. Президент ағымдағы жағдайға байланысты Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар, министрлер, әкімдер тарапынан Елбасы тапсырмаларын орындау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр»,- деді жиынды ашқан Премьер С. Ахметов. Бұдан соң алдымен Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алулар мәселесіне тоқталды. «Халық арасында ұдайы талқыланып, үнемі сыннан көз ашпай келе жатқан сала осы. Сонда қаржы министрлігі нақты сараптама жасамай ма? Сыбайлас жемқорлық пен бюрократия қалыпты жағдайға айналды. Осы орайда қандай шаралар атқарылды? Оның барлығы жаңа заң жобасында қаншалықты ескерілді?», - деді Премьер-Министр. Өз кезегінде Қаржы министрі Болат Жәмішев мемлекеттік сатып алуларды электронды жүйеге көшірудің нәтижесінде бұл жұмыс ашық жүргізіле бастағанын, алайда оған барлық мемлекеттік органдар бірдей қатыспай отырғанын алға тартады. «Оған қоса, бізде конкурстардың 63 пайызында тауар мен қызметтер бір жерден сатып алынды. Ол да дұрыс емес. Ондайда мемлекеттік органдар сатып алу конкурстарын жоққа шығарып келеді де, ақырында барлық тауарларды бір жерден сатып алады. Сөйтіп, электронды жүйені өз пайдасына жаратып жатады. Сондықтан мемлекеттік сатып алулар бойынша Бірыңғай ұйымдастырушы органды енгізудің нәтижесінде аталған мәселелер шешілуі тиіс», - дейді Б. Жәмішев. Ендігі сынға ұшырыған басты мәселе алкоголь айналымына қатысты заң жобасы болатын. Болат Жәмішев желтоқсанның 10-ына дейін парламентке осы құжатты ұсынбақшы. Бұл ретте Премьер-Министр Серік Ахметов алкоголь өнімдеріне акцизді көтеру туралы тапсырманы қатаң жүктеді. «2014 жылдың табалдырығында тұрмыз. Ресей мен Беларусь - Кедендік одақ бойынша әріптестеріміз. Ал оларда акциз үш есеге жоғары. Біздің отандық тауар өндірушілердің алкоголь өнімдеріне нарыққа жолы жабық. Соған қарамастан, Қаржы министрлігі балама шараларды қабылдамай отыр», - деді Серік Ахметов. Бұл ретте Үкімет басшысы аталған мәселеге қатысты бірден «қалқан орнату» деген болмауы керектігін, кедендік шекара болмағанымен, онда ереженің қажеттігін алға тартты. Сосын Премьер алкоголь өнімдерінің айналымы туралы заң арқылы тиісті шараларды қарауға болатынын да атап өтті. «Ең алдымен алкогольге акцизді көтеру керек, екіншіден, алкоголь өнімдерінің, оның ішінде өндірістің нақты айналымын түсінікті етуге тиіспіз», - деген Үкімет басшысы Қаржы министрі Болат Жәмішевке осы мәселемен мұқият айналысуды тапсырды. Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бюджет қаржысын игеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, оған жауапты лауазымды тұлғаларды жазалау мәселесін де көтерді. «Бүгінде біз бюджетті нақтылап, Парламенттің қарауына жібердік. Сосын бюджет қаражатын игермей қалған лауазымды тұлғаларды жазалау бойынша тиісті ұсыныстар жасалды. Осыған байланысты мен денсаулық сақтау вице-министрі Болат Такежановқа, ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаевқа және қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын. Бұдан басқа, бірқатар комитет басшылары мен басқа да лауазымды тұлғалар жазаға тартылды», - деді Серік Ахметов. Сондай-ақ Үкімет басшысы қаржы мәселесіне жауапты облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялауға тапсырма берді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жұмысын да сынға алды. Сосын ел экономикасындағы тиімсіз жобаларға рұқсат беріп, осы саладағы жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рауға да сөгіс берілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кемшіліктердің жойылмауына қатысты Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин де сөгіс естіді. Сосын айтылғанның барлығын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетпегені үшін мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев та сөгістен құр қалмады. «Қазіргі жағдай жылдың соңына дейін өзгермесе, мен Президенттің атына бірінші басшыларды, оның ішінде министрлер мен әкімдерді жазалау туралы ұсыныстарды енгізу мәселесін қарастырамын. Сондықтан Елбасының барлық тапсырмаларын сапалы түрде орындау жұмысына баса назар аударуды қатаң жүктеймін», - деді Үкімет басшысы.
Соңғы жаңалықтар