Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады
АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев көрме экспозицияларын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мұнда қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылған.


Ә. Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушылары Нұрбақыт Ермекұлы мен Айзат Ержанқызы Президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға қатысты жобаларын таныстырды.

Атыраулық оқушы Аружан Ғалымжан Президентке суды үнемдеуге үндейтін суреттерін көрсетті.
«Таза Қазақстан» бастамасы бойынша ұйымдастырылған шығармашылық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам оқушы қатысқан болатын.
Мемлекет басшысына байқау жеңімпазының суреті салынған жейде мен шопер сыйға тартылды. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жұмыстарына жоғары баға берді.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш еккенін жаздық.