Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Телерадиокешенінің 30 жылдық мерейтойы аясында қазақстандық тележурналистиканың ардагері Кеңесбай Әбенов ТРК-ның техникалық негізі қалай құрылғанын әңгімелеп берді. 

Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі
Фото: Kazinform

Жаңа дәуірдің алғашқы кадрлары

Телевизия саласында, әсіресе қазақстандық телеарнадағы техникалық жаңғырудың бастауында тұрған мамандар арасында Кеңесбай Әбеновтің есімі жақсы таныс. Ол 1970-жылдардың басынан бері жаңа технологияларды енгізу ісімен айналысып, ұлттық телехабар таратуды ақ-қара форматтан түрлі түсті жүйеге көшіруге жауапты болды. Сонымен бірге, өңірлік телестудияларды құру жұмыстарына белсене қатысып, елдегі телевизиялық қамту аясын кеңейтуге үлес қосты. Соның нәтижесінде Қазақстанның сегіз облысында жаңа телеарналар ашылып, біртұтас ақпараттық кеңістіктің қалыптасуына маңызды серпін берді.

Кеңесбай Әбеновтің кәсіби тәжірибесі мен табандылығының арқасында қазақстандық телевизия халықаралық стандарттарға сай даму мүмкіндігіне ие болды, ал тележүйе инженері мамандығының беделі арта түсті. Кейіпкердің бұл бағыттағы іргелі еңбегі кейінгі ауқымды жобалардың негізін қалап, соның ішінде Президент Телерадиокешенін құру ісінде де білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті шешуші рөл атқарды.

Сол жылдарды еске алған Кеңесбай Әбеновтің айтуынша, бастапқыда негізгі міндет — Президент қызметі туралы аудиовизуалды материалдар әзірлеп, оларды басқа арналарға тарату болған. Алайда уақыт өте келе Телерадиокешен ел өміріндегі ең маңызды оқиғаларды таспалайтын ресми жылнамаға айналды.

Алматыдан Астанаға көшу қарсаңында Президенттің жеке телевизиялық жүйесін құру идеясы көтерілді. Бұл жауапты іс телевизияны техникалық қамту саласында мол тәжірибесі бар, әрі сол кезең үшін сирек саналатын телевизия индустриясын терең түсінетін маман Кеңесбай Әбеновке сеніп тапсырылды. Ол саланың артықшылықтарын да, оның дамуына кедергі келтіретін әлсіз тұстарын да жақсы білді.

Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі
Фото: Kazinform

Техникалық жабдықтармен жұмыс істеу мен хабар тарату ісін ұйымдастыруда ондаған жыл бойы жинақталған осы тәжірибе кейін шешуші маңызға ие болды. Кеңесбай Әбеновтің кәсіби көрегендігі мен жүйелі көзқарасының арқасында Президент Телерадиокешенінің берік іргетасы қаланды. Техникалық базаны жасақтаудан бастап білікті кадрлар ұжымын құруға дейінгі маңызды жұмыстардың жүзеге асуында оның еңбегі зор болды.

«Барыс» логотипімен

Жоба әуел бастан-ақ халықаралық стандарттарға сай құрылып, басты назар ұтқырлық пен заманауи технологияларды енгізуге аударылды.

— Біз Sony компаниясымен тікелей байланысып, техникалық жабдықтарды өз талаптарымызға сай арнайы тапсырыспен алдырдық. Екі автокөліктен тұратын жылжымалы телевизиялық станция жасадық: оның бірінде камералар мен режиссерлік басқару пульті орналасса, екіншісіне — генератор мен спутниктік антенна орнатылды. Осылайша Қазақстанның кең даласында, кез келген жерден интернет пен электр қуатын іздемей-ақ тікелей эфирге шығатын мүмкіндігіміз болды, — деп еске алады Кеңесбай Әбенов.

Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі
Фото: Kazinform

Техниканың сыртқы келбетіне де айрықша мән берілді. Ұлттық символика пайдаланылып, басты түсі мемлекеттік Туымыздың реңкіне дәл сәйкестендірілген. Жабдықтардың бетінде ұлттық нышанға айналған «Барыс» эмблемасы бейнеленді.

Осы аралықта шектеулі ресурстарға қарамастан, Телерадиокешеннің құрылымы жасақталып, кәсіби команда қалыптастыру жұмысы қатар жүргізілді.

— Қазақстанда алғаш рет Президенттің жеке Телерадиокешені құрылды. Тіпті Мәскеуден келген мамандар мұндай жүйенің сол кезде тек Америкада ғана бар екенін айтатын. Ал 1995-1996 жылдарға қарай мұрағатта бес мыңға жуық бейнежазба жинақталды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын таспаға түсірген тұтас бір шежіре еді, — дейді сұхбат кейіпкері.


Мамандар — эфирдің жүрегі

Жаңа техниканы еркін меңгеріп, онымен жұмыс істей алатын мамандар даярлау да басты міндеттердің бірі болды. Осы мақсатта білікті инженерлер мен операторлардан құралған мықты команда жасақталып, оқыту жұмыстарына шетелдік мамандар тартылды. Арада тілдік кедергілер болғанымен, кәсіби ортада оларды техника тілі табыстырған.

— Алматыдағы Президент резиденциясында толыққанды телевизиялық жүйе орнатылды. Ол кез келген уақытта телеарна эфиріне қосылуға мүмкіндік беретін. Бұл шешім елдің тұрақты ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Әрбір сөз бен маңызды оқиға таспаға түсіріліп, жүйелі түрде мұрағатталып отырды. Соның нәтижесінде еліміздің саяси өмірінің бірегей архиві қалыптасты, — дейді Кеңесбай Әбенов.

Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі
Фото: Kazinform

Ел астанасы Сарыарқа төсіне көшірілгенде Телерадиокешен ұжымы Астанаға алғашқылардың бірі болып қоныс аударды. Осылайша олар елдің жаңа саяси әрі мәдени орталығында өз жұмысын жалғастырды.

Елордамен бірге Телерадиокешен де тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Техникалық мүмкіндіктер кеңейіп, кадрлық әлеует нығайды. Ал ұйымның өзі мемлекет пен қоғам арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін маңызды ақпараттық алаңға айналды.

— Ұжымға жаңа елордадан бірден баспана берілді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше қамқорлық пен қолдаудың айқын белгісі еді. Соның арқасында қызметкерлер маңызды міндеттерді алаңсыз атқаруға мүмкіндік алды, — деп еске алады Кеңесбай Әбенов.

Президент Телерадиокешені қалай құрылды – ардагер естелігі
Фото: Kazinform

Ал атқарылар шаруа да, міндеттер де аз болған жоқ. 2004 жылы Телерадиокешен Ақорда резиденциясында заманауи техникалық жабдыққа ие болды. Бұл кезең ұйым тарихындағы айрықша бетбұрыс болды: жаңа мүмкіндік хабар тарату сапасын едәуір арттырып, жазбаларды әлемдік деңгейдегі талаптарға сай түсіруге жол ашты. 

Сонымен қатар Президенттің үндеулері мен ресми іс-шараларын жүйелі түрде тіркеп, мұрағаттауға мүмкіндік берді. Осылайша елдің саяси тарихын айғақтайтын құнды бейнеқор қалыптастыру ісі жаңа деңгейге көтерілді.

Ал 2022 жылы Президент Телерадиокешені үлкен жаңғыртудан өтті және және теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформада толыққанды хабар тарататын толыққанды медахолдингке айналды. Бүгінде Телерадиокешен құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

— Телерадиокешен мен үшін өмірімдегі ең ауқымды әрі ең маңызды жобалардың бірі. Әрине, әр заманның өз сұраныстары, өз талабы бар. Телеарнаның күші техникада ғана емес, кәсіби кадрда. Әр адам өз жұмысын жетік білуі керек. Сонда ғана үлкен жүйе дұрыс жұмыс істейді. Осындай қағиданың арқасында біз тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарынан бүгінге дейінгі жолды еңсеріп, жинаған тәжірибемізді сақтап қана қоймай, оны еселей түстік, — деді Кеңесбай Әбенов.

Айта кетейік, осыдан отыз жыл бұрын ҚР Президентінің телерадиокешені құрылды. Осы уақыт аралығында ТРК медиақұрал деңгейінде қалып қоймай, тәуелсіз елдің ақпараттық кеңістігінде елеулі орын алды.