Президент Телерадиокешені өкілдері Қытайдағы БАҚ форумына Қазақстан атынан қатысты

ФУЧЖОУ. KAZINFORM — Президент Телерадиокешені 3 қарашада Қытайдың Фуцзянь провинциясындағы Фучжоу қаласында өткен «Бір белдеу - бір жол» БАҚ ынтымақтастығы форумына қатысты.

ТРК Президента представил Казахстан на Форуме СМИ в Китае
Фото: BRNN

Форумды «Жэньмин жибао» газеті мен Фуцзянь провинциясының үкіметі ұйымдастырды. Оған әлемнің 100 елінен 182 БАҚ пен ұйым өкілдері жиналды.

«Бір белдеу, бір жол» бағытындағы ортақ мақсаттар мен келісім» тақырыбына арналған жиында халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, кәсіби байланысты дамыту және «Бір белдеу - бір жол» бастамасын ақпараттық тұрғыдан жария етудегі БАҚ-тың рөліне ерекше назар аударылды.

Форумда Президент Телерадиокешенінің құрамына кіретін «Kazinform» ХАА басқарушы директоры Дана Рысмұхамедова сөз сөйлеп, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғаш рет 2013 жылы Астанада таныстырғанын атап өтті.

Президент Телерадиокешені мен «Жэньмин жибао» газетінің серіктестігіне 2024 жылы жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негіз болған. Құжат ақпарат алмасуды кеңейтуге, Қазақстан мен Қытай, ғылым, мәдениет, экономика салаларындағы жетістіктер жайлы, өңірлердің дамуы және екі халықтың тыныс-тіршілігі туралы бірлескен материалдар дайындауға бағытталған.

2025 жылғы мамырда Астанада «Жэньмин жибао» газетінің бастамасымен өткен «Орталық Азия – Қытай» халықаралық медиафорумы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін берді. Президент Телерадиокешені өңір елдерінің БАҚ өкілдерін біріктірген бұл жиынның тең ұйымдастырушысы болды.

Форум аясында Президенттің Телерадиокешені мүше «Бір белдеу, бір жол» ақпараттық желісі (Belt and Road News Network, BRNN) кеңесінің төртінші отырысы да өтті.

Кеңес жұмысына қатысу қазақстандық тараптың шетелдік жетекші редакциялармен кәсіби байланысын нығайтып, халықаралық ақпарат алмасу аясын кеңейтуге және Қазақстанның ақпараттық күн тәртібін әлемге танытуға мүмкіндік береді.

«Бір белдеу, бір жол» ақпараттық желісі кеңесінің отырысында ТРК өкілдері қатысушы елдердің БАҚ арасында жаңалықтар, фото және бейнематериалдар алмасуды тұрақты жолға қоюды, бірлескен тақырыптық жобаларды іске қосуды, сондай-ақ тағылымдамалар, семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру арқылы журналистердің кәсіби байланысын дамытуды ұсынды.

Айта кетейік, «Бір белдеу - бір жол» БАҚ ынтымақтастығы форумы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол түрлі елдердің бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы диалогті дамытуға арналған халықаралық алаң саналады.

Бұған дейін Президент Телерадиокешені мен ағылшын тіліндегі ең көне The Korea Times басылымы медиасеріктестікті дамытуға уағдаласқанын хабарлаған болатынбыз.