Президент Телерадиокешені қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Экологиялық іс-шараға Президент Телерадиокешені қызметкерлері де белсенді қатысты.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мекеменің 150-ден астам қызметкері қалалық әкімдік бөліп берген учаскені — Ұлы дала даңғылынан Керей-Жәнібек хандар көшесіне дейін Нұра-Есіл арнасының жағалауын қоқыстан тазалап шықты.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетерлігі, экологиялық акция аясында қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою сынды іс-шаралар да қолға алынған.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Тазалық акциясы барысында алты ауданда 6 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.

Экожоба аясында арнайы тақырыптағы сенбіліктер, экологиялық сабақтар, флешмобтар, ақпараттық науқандар және абаттандыру конкурстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта елордада «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы қала тұрғындарынан өтінімдерді қабылдау белсенді жүргізіліп жатыр. Өтінімдердің негізгі санаттарына аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру, рұқсат етілмеген полигондарды жою мәселелері кіреді. Барлық ескерту уақытылы өңделеді, бұл тұрғындарға қолайсыздықты азайтуға мүмкіндік береді.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

2024 жылғы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары айтарлықтай азайды. Егер 2018 жылы 8,7 мың қоқыс орны анықталып, оның 57 пайызы жойылса, 2024 жылы 4,8 мыңға жуық қоқыс алаңы белгілі болып, 93 пайызы жойылды.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Биыл «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық іс-шаралар наурыз айынан бастап оңтүстік және батыс өңірлерде қолға алынды. Бүгінге дейін ұйымдастырылған 11 тазалық іс-шарасына 223 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 11,6 мыңнан астамы — еріктілер. Нәтижесінде 7,6 мың тонна қоқыс жиналып, 385 мың гектар аумақ тазартылды. Шамамен 74,1 мың жасыл желек отырғызылды.

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Президент өзі бастамашы болған экологиялық акцияға тұрақты қатысып келе жатыр. Мәселен, өткен жылғы іс-шара барысында Мемлекет басшысы қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өткен-ді. 

субботник
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру — үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл — жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек, — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бір топ мүшелерімен бірге ағаш отырғызғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар