Президент телерадиокешені мен «TPS» АА ынтымақтастыққа және ақпарат алмасуға уағдаласты
Меморандумды ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева мен «Tazpit Press Service» АА бас директоры Амотц Эяль рәсімдеді.
Құжат медиа-контент алмасу, бірлескен медиа-өндіріс, адами капиталды дамыту, ұлттық және халықаралық деңгейде бір-бірін ілгерілету салаларындағы өзара серіктестік қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
Президент ТРК бас директоры Р.Қажыбаеваның айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс халықтар мен мемлекеттер арасындағы қатынасты дамыту үшін негіз қалыптастырады.
Р.Қажыбаева атап өткендей, «бұған ақпараттық саладағы өзара іс-әрекет септігін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда ақпараттық материалдармен алмасу, бірлескен жобалар құру, түрлі оқиғаларды жазып көрсетудегі әріптестердің тәжірибесін зерделеу елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады».
Өз кезегінде, «TPS» АА бас директоры А.Эяль қазақстандық медиамен ынтымақтастық орнату маңыздылығына назар аударып, бүгін қол қойылған меморандум «Қазақстан мен Израильдің екі жетекші медиа-компаниясының табысты ынтымақтастығы бастауының қадамы» саналатындығын айтты.
Бүгін қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум Президент Телерадиокешенінің «Saudi Press Agency», «Trend», «Yonhap», «Armenpress» сынды шетелдің жетекші медиа-компанияларымен халықаралық келісімі пулын толықтыра түсті.
Анықтама үшін:
ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстанның ірі медиа-компаниясы саналады. Оның құрамына Jibek Joly республикалық телеарнасы, Silk Way халықаралық телеарнасы, «ҚазАқпарат» ХАА және Деректі кино орталығы кіреді.
«Tazpit Press Service» АА – Израильдің 2010 жылдан бері жұмыс істейтін ірі ақпарат агенттігі. Ол елде және өңірде жаңалық материалдарын әзірлеуді және таратуды қамтамасыз етеді.