Президент телерадиокешенінің деректі фильмі халықаралық кинофестивальдің марапатын алды
Режиссер Ақылбек Шалжановтың «Каспий итбалығы неге өледі?» деректі фильмі «Қоршаған орта туралы үздік фильм» номинациясының жеңімпазы атанды.
Фильмде соңғы 100 жылдағы Каспий итбалығы популяциясының 90% дейін азаюы, олардың өлу себеп нұсқалары баяндалған. 2020 жылы Каспий итбалығы отандық қызыл кітапқа енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 29 маусымда Ашхабадта өткен алтыншы Каспий саммиті барысында итбалықтарды құтқару қажеттігі туралы айтты.
«Каспий итбалығы – эндемик және Каспий теңізі фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Бүкіл су айдыны оның мекені және трансшекаралық биоресурс болып саналады. Каспий итбалықтарының өлу фактілері алаңдаушылық туғызады», - деген еді Президент.
Айта кетсек, «Зилант» халықаралық кинофестивалі 25-26 ақпан аралығында Қазан қаласында өтті.
Кинофестивальдің мақсаты - әлем елдерінің шығармашылық ұжымдарының тәжірибесі және көркемдік жетістіктерімен алмасу. Ұмытылмас мереке атмосферасын құру, әртүрлі елдер балаларының, жастары мен ересектерінің ой-өрісі мен зияткерлік деңгейін кеңейту.