Президент ТМҰ елдеріне Астанаға ерекше мәртебе бергені үшін алғыс айтты

Астана
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде ұйым мүшелерін Астанаға түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін бергені үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән берген жөн. Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын еске салды.

«Осы ұсынысты жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгін тиісті құжатқа қол қойылмақ.

Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғысымды айтамын», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр.

Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысады.

ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтеді.

Бүгін Сыртқы істер министрлігінде Түркі мемлекеттері ұйымының сыртқы істер миинстрлері кеңесінің жабық отырысы өтті.

Шарада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль-ХАМАС қақтығысындағы Қазақстан ұстанымын айтты.

Соңғы жаңалықтар
telegram