Президент ТРК мен моңғолиялық МОНЦАМЭ өзара ақпарат алмасуға келісті

медиа
Фото: Президент Телерадиокешені

Кеше Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Моңғолияның «МОНЦАМЭ» ұлттық ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform

Меморандумға ҚР Президентінің Телерадиокешені директорының орынбасары Тілеген Әбішев пен «МОНЦАМЭ» ҰАА бас директорының бірінші орынбасары Энхтуяа Тайваншар қол қойды. 

Осы күндері өтіп жатқан Азия және Тынық мұхиты Ақпарат агенттіктері ұйымы мүшелерінің конференциясы мен Атқарушы Кеңестің 51-ші отырысы алаңында тараптар қол қойған құжат «МОНЦАМЭ» ҰАА мен 2022 жылдан бері ҚР Президентінің Телерадиокешені құрамына кіретін Kazinform агенттігінің дәстүрлі жалғасып келе жатқан берік әрі тығыз іскерлік қарым-қатынасын рәсімдеуге мүмкіндік берді.

Тараптар медиа-контент алмасу, ортақ контент жасау, тілшілер желісі ресурстарына қол жеткізу және адам капиталын дамыту саласында серіктестік туралы келісті.

Президент ТРК директорының орынбасары Т.Әбішевтің айтуынша, Kazinform агенттігі мен «МОНЦАМЭ» ҰАА серіктестігін тереңдету тұрғындарды екі ел жаңалықтарынан хабардар ету мүмкіндігін арттырады».

Президент ТРК директоры орынбасарының сөзінше, «бірлесіп контент жасау мен оны ұлттық және халықаралық дәрежеде тарату екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың дамуына негіз болады».

Энхтуяа Тайваншар серіктестік туралы екіжақты құжаттың маңызын айтып, «Қазақстан мен Моңғолияны ортақ тарих пен адал қарым-қатынас байланыстыратынын» атап өтті.

«Алдыңғы қатарлы БАҚ серіктестігі ынтымақтастықты нығайтып, екі халықтың қарым-қатынасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосады», - деді ол.

Қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум Президент ТРК шетелдік медиа-компаниялармен халықаралық келісімдер пулын толықтырды.

Олардың қатарында «Saudi Press Agency», «Petra», «Trend», «АЗЕРТАДЖ» «Yonhap», «Armenpress», «УзА», «Ховар» бар.

ҚР Президентінің Телерадиокешені – құрамына Jibek Joly республикалық телеарнасы, халықаралық Silk Way және Silk Way Cinema телеарналары, Kazinform агенттігі мен Деректі фильм орталығы кіретін қазақстандық толық циклді медиа-компания.

«МОНЦАМЭ» ҰАА – 1942 жылдан бері жұмыс істейтін және елдегі жаңалықтарды тарататын және өндіретін Моңғолияның ұлттық ақпарат агенттігі.

Соңғы жаңалықтар