Президент цифрлық экономиканы қалыптастыру шаралары жөнінде мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тауар өндіру және өткізу үшін қосымша цифрлық құралдар керек екенін айтты.
– Халық игілігіне бағытталған цифрлық экономиканы қалыптастыру үшін адамдардың мүмкіндіктері олардың тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы керек. Ауылда да, қалада да тұратын азаматтарымыз смартфонды заңды табыс табудың құралы ретінде пайдалануды үйренуі тиіс. Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шараларын жекеменшік маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажет. Несие беру мен субсидиялаудан бөлек, тауар өндіру және өткізу үшін қосымша цифрлық құралдар керек, – деді ол.
Президенттің сөзінше, келер жылы Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін өткізу арналарын жолға қоюға көмектесетін цифрлық даму жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосуы қажет. Ал сәтті тәжірибелерді барлық өңірге тарату керек.
– Активтерді токенизациялау, яғни оларды цифрлық ортаға көшіру әлеуетін толық пайдалану қажет. Бұл азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалдарсыз тікелей капитал тартуға мүмкіндік береді. Халық игілігіне бағытталған цифрлық экономиканы құрудың стратегиялық мақсаты – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға пайдалану, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынғанын жазғанбыз.