Президент туралы Конституциялық заң жобасы мемлекеттік биліктің жаңа конституциялық архитектурасын дәйекті түрде іске асырады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды.

Бірлескен отырыс
Фото: Ақорда

- «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленді. Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей ерік білдіруі негізінде қабылданған жаңа Конституция – адам, қоғам және мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа моделін қалыптастырады. Бұл бағыттағы негізгі рөл жоғары мемлекеттік билік – президент институтына жүктелген. Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, - деді министр.

Оның айтуынша, Конституцияның «Президент» институтына арналған үшінші бөлімі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын дәйекті әрі жүйелі түрде дамытады.

- Конституцияда Мемлекет басшысының рөлі – мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, сондай-ақ билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде бекітілген. Осы ретте «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы мемлекеттік биліктің жаңа конституциялық архитектурасын дәйекті түрде іске асырады, - деді ол.

Осыған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатқаны туралы жаздық.