Президент Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынды

«Біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.

Сонымен қатар Президент келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастардың арнайы форумын өткізуді ұсынды.

«Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і – шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» енді «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталды.