Президент Үкіметке дағдарысқа қарсы жоспары өзектендіруді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет дағдарыс кезінде жақсы жұмыс істеді. Бұл туралы коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан және өзге де мемлекеттер бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешіруде. Жалпы, біз елдегі экономикалық белсенділіктің сыни құлдырауынан жалтара алдық. Бұл жерде Үкіметтің жақсы жұмыс істегенін айту керек. Үкімет бизнесті ынталандыру, халықтың әлсіз топтарына көмек көрсету бойынша қадамдар қабылдады. Таяуда Дүниежүзілік банк елдің әлеуметтік-экономикалқ дамуының негізгі көрсеткіштеріндегі оң қарқынға жоғары баға берді. Дегенмен, бүкіл әлемге төніп келе жатқан індеттің екінші толқыны жаңа міндеттерге мәжбүрлеп отыр. Үкіметте келесі жылы дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыру үшін шаралар жиынтығы мен тиісінше ресурстар болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өзінің тапсырмасымен әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған және коронавирус инфекциясының жаңа толқыны орын алған жағдайда қарсы әрекет етуге бағытталған кешенді жоспар дайындалғанын айтты.
«Бірақ, бүгінгі алаңдатарлық реалий, оның ішінде Ресейге санкциялық қысымның күшеюі, Кавказ маңындағы, көршілес мемлекеттердегі ахуалдың шиеленісуі, өзге де сыртқы факторлар біздің дағдарысқа қарсы жоспарларымыз бен болжамдарымызда дәлме-дәл есепке алуды талап етеді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп жоспарды өзектендіру және оны қазанның соңына дейін Әкімшілікке келісуге енгізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.