Президент Үкіметтен қызметтік автокөліктерді шетелден алуды доғаруды талап етті
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан ҮИИДМБ іске асыруға арналған индустриялық форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтен қызметтік автокөліктерді шетелден алуды доғаруды талап етті.
Осы орайда Мемлекет басшысы ҰҚК, Қорғаныс министрлігі және ТЖМ-нен басқа бірде-бір мемлекеттік орган отандық автотехниканы алуға келісімшарт жасамағанын, яғни тиісті тапсырмаға қарамастан олар шетелде өндірілген көліктерді сатып алуды жалғастырып отырғандығын сынға алды.
Отандық тауар өндірушілерге нақты қолдауды қамтамасыз ету керек екенін және отандық көліктерді алуға тапсырма бергендігін ескеріп өткен Президент, «бүгінгі көрмеде қалаған көлікті таңдап алуға болады. Алайда, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ-нен басқалары келісімшарт жасаған жоқ және техниканы шетелден алуды жалғастырып жатыр. Бұл бассыздық қашан тоқтайды Кәрім Қажымқанұлы?! Осыны қашанға дейін жыр етеміз?», - деп Үкімет басшысына қаратып айтты Елбасы.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы шетелден алынатын көліктер қымбатқа түсетінін ескертті. «Қазақстан қандай автокөліктерді шығарып жатқандығын шығып қараңыздар (Астанадағы көрмеде). Бізде көліктер шығарылып жатса, кейбірі «Мерседестерді» мінгісі келеді екен. Олай болса өз қалталарынан сатып алсын. Дереу доғарту керек», - деп талап етті Президент.