Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент
Фото: Ақорда

Саммитке Қазақстан Президентімен бірге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.

ы
Фото: Ақорда

Мемлекеттер басшылары ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін қарастырып, Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметінің нәтижесіне баға берді әрі алдағы кезеңге арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындады.

Сондай-ақ президенттер халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға өте нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.

я
Фото: Ақорда

Президент халықаралық терроризммен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясының ықпалы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне назар аударды. 

Қазақстан Президенті сөз соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық ететін Тәжікстанның көшбасшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, осы жауапты миссияны атқаруда сәттілік тіледі.

Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды.

Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.

Үлкен Кремль сарайында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталғанын жазған болатынбыз.