Президент үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке ерекше мән беріп отыр – Аида Балаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент көтерген «Қайырымды істер марафоны» бастамасымен Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке ерекше мән беріп отыр – Аида Балаева

«Ыстық қайрат. Нұрлы ақыл. Жылы жүрек.

Бұл өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше мән беріп, көпшілікке айтқан Ұлы Абайдың үш ұлық сөзі. Жәй сөздер емес, елді үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке шақырған зор үндеуі. Бүгін, міне, баршамыз осы ортада әдейі бас қосып, осы үндеуді жалпақ жұртымызға, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынға – жалпы қазақстандықтарға арнап отырмыз. Президентіміз көтерген осынау игілікті бастама – «Қайырымды істер марафонымен» Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз десек қателеспейміз», - деді министр.


Оның пайымынша, қайырымдылық, меценаттық және донорлық – біздің қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі.

«Сондықтан да, Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған», - деді А. Балаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай , бүгін елордада донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер» марафоны басталды.

Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.