Депутат Кентау тұрғындарына жыл сайын 6 млрд теңге үстемеақы төлеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Мұрат Қадырбек экологиясы қауіпті аймақтарда тұратын адамдарға үстемеақы төлеуді ұсынды.
Депутаттың мәліметі бойынша, тұрғындар 2016 жылдан бері Кентау мен оның айналасындағы елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп жариялау керектігін айтып жүр.
Осы мәселені зерттеу үшін қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысының Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу бойынша заңнамалық тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар, аталған аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін республикалық әлеуметтік аударымдармен қоса 20% үстемақы, жалпы көлемі жыл сайын 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастыру қажеттігін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді сенатор.