Президент Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі мәселе – бюджет саясаты. Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс», - деді ҚР Президенті.

Сондықтан Мемлекет басшысы ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керектігін баса айтты.

«Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар