Президент ұсынған Ерік Сұлтановтың кандидаттығы СҚО маслихаты сессиясында қолдау тапты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда облыстық мәслихаттың 34-ші кезектен тыс сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен Солтүстік Қазақстан олысы әкімі лауазымына Ерік Сұлтановтың кандидаттығы ұсынылды. Өңір сайлаушылары бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.
Сессия жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Марат Сембеков қатысты.
Жиналған жұртшылықтың алдында сөз алған Ерік Сұлтанов ҚР Президентіне өзіне сенім артқаны үшін және халықтың қолдауы үшін алғыс айтты.
«Президент жоғары құрмет көрсетіп, облысты қайта басқаруға сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Сіздерге де мені қолдағандарыңыз үшін рахмет. Алдағы уақытта облыстың дамуы жолында жемісті ынтымақтастықта жұмыс атқарамыз деп сенемін. Өңірдің серпінді үдемелі дамуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімді, білімімді, тәжірибемді пайдаланатынымды аса жауапкершілікпен мәлімдеймін. Облысымыз елдің ең дамыған, гүлденген өңірлерінің біріне айналуы үшін оның бай әлеуетін ашуға күш саламын», - деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл үшін алда нақты міндеттерді шешу қажет. Ең бастысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөлу қажет.
«Егіс алаңдарын әртараптандыруды жалғастыру қажет. Өнімді барынша көп алу үшін бар күшімізді жұмылдырамыз. Мал шаруашылығында мал басын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейту үшін ағымдағы жылы облыста 1,7 мың бас ІҚМ өсіретін 5 орын құру жоспарлануда. Ірі шаруашылық қожалықтарын дамыту бағдарламасы әзірленуде. 14-15 маусымда аудан әкімдері бағдарламаларын ұсынады», - деп мәлімдеді өңір басшысы.
Сондай-ақ, Ерік Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жұмыстардың жалғастырылып жатқанын атап өтті. Осы жылы сомасы 1,7 млрд. теңгеге 12 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 25 маусымда СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша кешенді бағдарлама ұсынылады.
Бұл алдағы атқарылатын жұмыстардың кей бағыттары ғана. Бұл жұмыстар барысында тауарлар мен қызметтер өндірісі өседі, елдің әл-ауқаты, өңірде өмір сүру деңгейі жақсарады. Таяу жылдары осының бәріне қол жекізетінімізге сенім білдіремін.
Сұлтанов Ерік Хамзаұлы 1956 жылы 24 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) бітірген.
1978-1993 жылдары «Екібастұзшахтақұрылыс» комбинатында қызмет атқарған.
1993-1994 жылдары - Екібастұз қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары.
1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі жанындағы еңбек қорғау департаментінің төрағасы.
1995-1996 жылдары - «Екібастұзшахтақұрылыс» өндірістік бірлестігінің президенті.
1996-1998 жылдары - мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің төрағасы.
1998-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аумақтық комитетінің төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары департаментінің директоры.
2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары департаментінің сыртқы займдар жөніндегі консультанттарының бас үйлестірушісі.
2001-2002 жылдары - «Қазақавтожол» РМК бас директорының бірінші орынбасары.
2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Автомобиль жолдары және инфроқұрылымдық кешендер құрылысы комитетінің төрағасы.
2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің төрағасы.
2005-2006 жылдары - «Қазақ жолқұрылысы» ЖШС-нің бас директоры.
2006-2008 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
2008-2014 жылдар аралығында «ҚТЖ» АҚ-ның Вице-президенті. 2014 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен марапатталған.