Президент Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысын қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам елімізге мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды.



Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол екенін атап өтті.

— Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол, — деді Тоқаев.
Өз кезегінде Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстыратынын айтты.
— Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз — біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады, — деді То Лам.

Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Еске салсақ, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 5-7 мамыр күндері Қазақстанға Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам мемлекеттік сапармен келетіні белгілі болды.