Президент: Жаңа жыл – маңызды меже, әз-Наурызды да естен шығармаған жөн

наурыз
Фото: пресс-служба акима Туркестанской области

Жаңа жыл – күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже, алайда әз-Наурызды да естен шығармаған жөн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз-Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы екенін, сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керегін айтты.

«Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін. Сөз соңында барша халқымызға бақ-береке тілеймін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар