Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының құрамы өзгерді

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен аталмыш комиссия отырысы барысында мәлім болды.
Мемлекеттік хатшы М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Елбасының наурыздағы жарлығына сәйкес, комиссия құрамына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай енгізілген. Ал комиссияның хатшысы болып Президент Әкімшілігі құқық қорғау бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев бекітілді.
«Сондай-ақ, комиссия мүшелері Рашид Түсіпбеков бұрынғысынша Әділет министрі ретінде емес, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы ретінде, ал Берік Имашев Әділет министрі ретінде комиссия құрамына еніп, бүгінгі отырысқа қатысып отыр. Комиссияның жаңа мүшелерін Елбасының үлкен сенімімен құттықтаймын, жұмысына сәттілік тілеймін», - деді М. Құл-Мұхаммед.