Президент жас блогердің таңғаларлық посты туралы айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу барысында жас блогердің еліміздің жетістігі туралы жазған хатын оқығанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бір жас блогердің жазған хатын оқыдым. Осы жылдар ішінде айтқым келетін төрт нәрсе бар депті: Біріншісі - Тәуелсіздіктің жариялануы және бұған дейін болмаған ел шекарасының бекітілуі. Екіншісі - нарықтық реформалар мен жекешелендірудің жылдам өткізілуі. Осының арқасында мыңдаған кәсіпкер жұмысын бастады. Үшіншісі - көпұлтты қоғамда келісім мен тұрақтылық қамтамасыз етілді. Төртіншісі - бүкіл әлемде Қазақстанның жауы жоқ, бәріне доспыз. Мен жетістіктерді оннан бастап жиырмаға дейін тізіп айта берер едім. Бірақ осынау жас блогердің қалайша төрт артықшылықты тап басып айтып бергеніне таңғалдым», - деді Президент.
Еске салайық, осы уақытта Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңіске жеткен 102 тұлғамен кездесу өткізуде . Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысының жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталған жеңімпаздармен кездесуі елордадағы ең көрікті мейрамханалардың бірінде өтуде. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.