Президент жастарға Әлихан Бөкейханның қанатты сөзін есте ұстауға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттің кадр резервіне енгендер ел жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетуі керек. Бұл туралы Ақордада Президенттің кадр резервіне кірген жастармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Президент жастарға Әлихан Бөкейханның қанатты сөзін есте ұстауға кеңес берді

«Біздің мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау деп ойламаңыздар. Бұл - елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет - талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы - туған еліңді шексіз қадірлеу, оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі кездесуге қатысушылар арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасатынына сенетінін баса айтты. 

«Сіздер егемен ел жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек. Кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл - ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, уақыт өткен сайын мән-маңызы арта түсетін қанатты сөз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.