Президент: Жауапты қала тұрғыны – өз шаһарының тағдырына бейжай қарамайтын адам
АСТАНА. ҚазАқпарат – Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады. Бұл туралы Астананың бауырлас қалалары форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енді. Сонымен қатар қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылды. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент экология саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
«Аталған мәселеде азаматтардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуы шешуші мәнге ие. Ірі қалалардағы көшелердің қоқыстан таза болуы тұрғындардың азаматтық сана-сезімі жоғары екенін анық көрсетеді. Жауапты қала тұрғыны дегеніміз – бұл, ең алдымен, өз қаласының және елінің тағдырына бейжай қарамайтын адам», - деді Мемлекет басшысы.